Қазақстанда электр энергиясының импорты ұлғайды

108

Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы жариялады.  

Қазақстанда электр энергиясының импорты ұлғайды Фото: tadviser.ru

Биыл еліміз жаз мезгілінде сырттан электр қуатын сатып алу айтарлықтай артқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылғы шілдеде импорт көлемі 56,8 млн доллар болды, бұл маусыммен салыстырғанда 98%, ал өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 74% жоғары.

Қаңтар-шілде аралығында барлығы 2,3 млрд кВт/сағ электр энергиясы сырттан жеткізілді. Оның құны 169,2 млн доллар болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көлем бойынша +7%, ақша бойынша +24% көп. Бұл – кейінгі 11 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Импорттың көбеюіне ішкі тұтынудың артуы ықпал етіп отыр. 2025 жылғы шілдеде ішкі нарықта 10,1 млрд кВт/сағ сатылды. Бұл өткен жылғы деңгейден +8% көп. Алайда елде өндірілген көлем небәрі 9,4 млрд кВт/сағ болды (+3%). Яғни, тұтыну өсу қарқыны генерациядан әлдеқайда жоғары.

Қазақстан электр қуатын негізінен Ресейден сатып алады. Шілде айында импорттың 86%-ы физикалық көлемде (674,1 млн кВт/сағ); 96%-ы қаржылық мәнде ($54,8 млн) Ресейге тиесілі болды.

Үкімет бұған дейін Ресейден электр энергиясына тәуелділікті азайтуды көздеген. Ақпандағы бағалау бойынша, 2025 жыл бойынша импорт 2 млрд кВт/сағаттан аспауға тиіс еді. Алайда еліміз қазірдің өзінде (қаңтар-шілде) бұл межеге жетіп қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу