Қазақстанда ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдісі дайындалды

Осыған сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне негізделетін болады. 

Қазақстанда ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдісі дайындалды Фото: inbusiness.kz

Қазіргі таңда, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесінің жобасы қоғамдық талқылау сатысында жатыр. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік Банк сарапшыларымен бірлесіп, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесінің жобасын әзірледі. Осы тұрғыда, ең төменгі жалақы мөлшерін орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай анықтау жоспарлануда.

"Барлық қызметкерлердің 50%-ның жалақысын көрсететін орташа табысты критерий ретінде пайдалану және түзету индикаторы ретінде әрекет ететін еңбек өнімділігі орташа жалақы мөлшерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бұл тәсіл жұмысшылардың табысы мен өндірілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді министрлік.

Сонымен қатар, министрлік Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе отырып, халықаралық тәжірибеге талдау жүргізді. Бұл орташа жалақы мөлшерін орнатудың ең кең таралған үш тәсілінің бар екенін көрсетті. Оның ішінде бірыңғай ұлттық айлық жалақы мөлшері; өңірлер, салалар және кәсіпорындар бойынша айлық жалақының сараланған мөлшері және  қызметкерлердің әртүрлі санаттары бойынша берілетін айлық жалақы мөлшері бар.

Қазіргі уақытта, айлық жалақы мөлшері Халықаралық еңбек ұйымына мүше елдердің 90%-ында орнатылғаны атап өтілді. Олардың 84%-да айлық жалақы мөлшерінің деңгейі заңмен, қалған 6%-да жұмыс берушілер, қызметкерлер, кәсіподақтар және басқа да мүдделі тұлғалар арасында ұжымдық шарт жасасу арқылы белгіленеді.

Осылайша, Халықаралық еңбек ұйымы барлық елдерге "Кэйц" индексін ұстануға кеңес береді. Бұл ретте, заңмен белгіленген айлық жалақы мөлшерінің медианалық жалақыға қатынасы кемінде 50%-ды құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу