Қазақстанда еңбек даулары толық шешілмей отыр

1160

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандарынан журналистер Қазақстандағы еңбек даулары туралы сұрады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қазақстанда еңбек даулары толық шешілмей отыр

"Мені таңғалдыратыны әр кезде жұмысшылар ереуілі заңсыз болып шығады. Ал Еңбек кодексінде еңбек дауы бейбіт түрде шешілмесе, жұмысшылардың бейбіт шешу туралы хатына жауап берілмесе, онда жұмысшылардың ереуілге шығуға құқы бар екені жазылған. Ендеше жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп тану Еңбек кодексін бұзу емес пе?" – деп сұрады Азаттық радиосының тілшісі.

"Егер жұмыс берушіге бірнеше күн бұрын жазбаша талап жіберілсе, бірақ жауап берілмегендіктен қызметкерлер ереуілге шықса, ол мәселемен жергілікті еңбек иснпекторлары айналысады. Бірақ бүгінде ондай жағдай болмаған, сізге жалпылама айтып отырмын", – деді Бас мемлекеттік еңбек иснпекторы Төлеген Оспанқұлов.

Алайда БАҚ өкілі жауапқа қанағаттанбады және "жаз бойы Маңғыстауда 150-ге жуық ереуіл болды емес пе, ол жағдайларды сараптамадыңыздар ма?" деді.

Содан кейін барып жиынға қатысып отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев талдау жүргізгенін айтты.

"Маңғыстаудағы кәсіпорындарда болған 23 еңбек дауын біз түгелдей талдап шықтық. Жұмысшылар көтерген мәселенің 80 пайызы айлықты өсіру туралы. Бұл жерде бір мекемеде істейтін қызметкерлердің жалақысында айырмашылық бар. Соған байланысты жалақыларды теңестіру бойынша жұмысты бастадық. Энергетика министрлігі сияқты тиісті ведомстволарға саладағы жалақыны біріздендіру туралы тапсырма берілді. Көбінесе мұндай шиеленістер мұнай-газ секторында болып жатыр. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді Ербол Нұрғалиев.

"Еңбек даулары туған мекемелердің бәрін бақылауға алып отырамыз. Бүгінде елде 363 мекемені бақылауға алдық. Оның 333-інде мәселе шешілді. Тек 30 мекемеде мәселе шешілмей тұр. Онымен жергілікті әкімдіктер айналысып жатыр. Біз де қадағалап отырмыз. Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы ірі кәсіпорындармен жұмыс орындарын сақтау туралы меморандумдар жасалады. Ол меморандумның орындалуын жіті бақылап отырамыз", – деді Ербол Нұрғалиев.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу