Елімізде 2016 жылдан бастап жыл сайын "Еңбек жолы" республикалық байқауы өтуде. Бұл шара Еңбек күнін мерекелеуге және "Еңбек адамына" құрмет көрсетуге арналған. Байқау номинацияларының бірі – "Үздік еңбек әулеті". Осы номинация бойынша жеңімпаздардың жиынтық еңбек өтілі 2,5 мың жылдан астам уақытты құрайды, деп хабарлайды Inbusiness.kz ҚР Еңбекминге сілтеме жасап.
Бір әулеттің бірнеше буыны бір салада жылдар бойы жұмыс істеп, бұл кәсіп түрі мен мол тәжірбиелері ұрпақтан ұрпаққа қалуда. Бұл ретте теміржол жұмыскерлері сайыстың басқа лауреаттарына қарағанда 4 есе көп.
Солардың бірі былтыр жеңімпаз атанған Түкібаевтар әулеті. Осы отбасының жалпы еңбек өтілі 580 жылдан асады. Әулеттің негізін қалаушылары теміржол саласындағы еңбек жолын өткен ғасырдың отызыншы жылдары бастаған. Олар Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына қатысқан.
Еңбек жолы ерекше тағы бір әулет – Құрманғалиевтер отбасы. Олардың орман шаруашылығы саласында 458 жылға жуық еңбек өтілі бар және жалпы төрт ұрпақтың 25 өкілінің еңбек жолы орман шаруашылығымен байланысты.
Естеріңізге сала кетейік, "Еңбек жолы" байқауы еңбек етуге ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Конкурс үш номинация бойынша өңірлік және республикалық деңгейде екі кезеңде өтеді: "Үздік еңбек әулеті" – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет; "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер; "Өндіріс үздік жас жұмыскері" – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор қызметкері таңдалады.
Биыл конкурсқа қатысу үшін Қазақстанның барлық өңірлерінен 591 өтініш түсті.
Конкурстың республикалық кезеңінің қорытындысы жақын арада белгілі болады. 2023 жылғы "Еңбек жолы" жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі осы жылдың қыркүйек айының соңында өткізу жоспарланған.