Елімізде шетелдің маркетплейстерінен алынған онлайн тауарлар да декларациялануы мүмкін. Бұдан бұлай сайт арқылы тапсырыс беретін қазақстандықтар әр заттың құнын, салмағын, сипаттамасын көрсетуі тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соңғы жылдары елімізде онлайн саудаға деген сұраныс айтарлықтай өскен. Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, былтыр электронды коммерция 12,7% артып, 3 трлн теңгеге жеткен. Сондықтан үкімет өзге елден келіп жатқан тауардың нақты көлемін анықтап, бақылауды күшейтпек.
Ұлттық экономика министрлігі қоғамдық талқылауға шығарған құжатта шетелдік сайт арқылы тапсырыс беретін қазақстандықтар әр заттың құнын, салмағын, сипаттамасын көрсетуі тиіс делінген. 16 жасқа толған азаматтар электрондық сауда тауарларының декларанаттары болады. Алайда декларацияны қашан және қалай тапсыратыны белгісіз.
“Ұлттық экономика министрлігі "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" порталына Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын орналастырды. Бұл бастама шетелдік сайттарда сатып алынатын тауарлардың толық статистикасын жасауға және электронды коммерция нарығының ашықтығын арттыруға сеп болады. Сондай ақ бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді”, – деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Жоба 26 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды. Қолдау тапса, келер жылы күшіне енеді.