АЭС-тың ең басты ерекшелігі – қалдықтарды ауаға шығармайды – Азаматхан Әміртай

262

6 қазанда елімізде АЭС бойынша жалпыұлттық референдум өтеді. 

АЭС-тың ең басты ерекшелігі – қалдықтарды ауаға шығармайды – Азаматхан Әміртай Фото: canva.com

"Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған АЭС референдумына қатысты мәселеде түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сарапшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында атом электр стансасы бойынша жалпыхалықтық референдум болатыны, ал биыл оның қай уақытта өтетіні туралы ақпарат берілгенін жеткізді.

"Бүгінгі Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың дамуына жіті көңіл бөлді. Тапсырмалар мен нақты мақсаттарды белгіледі. Әрине, бүгінде Қазақстанда энергия тапшы. Біздің оңтүстік облыстарда энергия жетіспей жатыр. Қыстың күні Ресейден 6 есе қымбат бағаға электр энергиясын сатып алып отырмыз. Бұрын энергияның тапшылығы сезілмеді. Енді міне уақыт келді, бүгінде энергия тапшы. Қазақстан 113 млрд кВт/сағ энергия қабылдап отыр, соның 2 млрд киловаты былайша айтқанда тапшы, оны көрші елдерден сатып алып отырмыз. Әрине, атом электр станциясын Қазақстанда дамытуымыз керек. 3+ соңғы буынын, яғни екі контурлы су-сулы технологиясын Қазақстанға әкелуіміз керек. Ол технология қауіпсіз", - деді Азаматхан Әміртай.

Экологтың пікірінше, елімізде атом энергетикасы саласында жұмыс істейтін мамандар бар.

"Сондықтан 6 қазанда өтетін референдумда халық өз таңдауын жасауы керек. Біздің мақсат – атом электр станциясын елімізге қаншалықты керек екенін халыққа жеткізу. АЭС салынатын болса, қуатты энергиямен елімізді қамтамасыз ете аламыз", - деп есептейді ол.

Спикерден атом электр стансасының экологияға зардабы бар ма деп сұрадық.

"АЭС-тың ең басты ерекшелігі – қалдықтарды ауаға шығармайды, яғни көміртектік шығарындыларды ауаға мүлдем шығармайды. АЭС бар жерде экология, қоршаған орта таза болады. Қазір қарап отырсақ, Теміртауда, Балқашта, Алматыда, Екібастұзда, басқа да қалаларда, тіпті Астананың өзінде қысты күні ауа қандай болатынын білеміз. Сол көмірді, көміртегі бөлетін отынды пайдалану экологияға зиян. Оның үстіне біз 2030 жылы көміртегі шығарындыларын 15 пайызға төмендетеміз деп Париж келісіміне қол қойдық", - деді эколог.

Айта кету керек, осыған дейін АЭС бойынша референдум қашан өтетінін жазған болатынбыз. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында елімізге сенімді әрі экологиялық таза қуат көздері аса қажет екенін баса айтты.

Бұдан бөлек депутаттар АЭС салу мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу