Қазақстанда ер адамдардың 44 пайызы темекі шегеді – ДДСҰ

1601

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекімен бірге Қазақстандағы ер адамдардың 54 пайызы ішімдіктен кетары емес екенін анықтаған.  

Қазақстанда ер адамдардың 44 пайызы темекі шегеді – ДДСҰ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеу мәліметін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бөлісіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталықтың хабарлауынша, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының ұлғайып келе жатқан үлкен проблемасына жұқпалы емес аурулар және олардың қауіп факторлары (темекіні тұтыну, ішімдікті шектен тыс пайдалану, дұрыс тамақтанбау және дене қимылының азаюы) жатады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша, Қазақстанда ер адамдардың 44 пайызы темекі шегеді, 54 пайызы ішімдік ішеді. Қазақстанда алкогольді тұтыну деңгейі - Еуропа аймағындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 2016 жылы бұл көрсеткіш ер адамда жылына шамамен 25,0 литр алкогольді, ал әйелдерде 8,9 литрді құрады. Жастардың 57 пайыздан астамы (15-19 жас) соңғы 30 күнде бір уақытта 60 және одан да көп грамм ішімдік ішкен", – делінген Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының хабарламасында.

Орталықтың хабарлауынша, темекіге салынатын салықты көтеру - темекінің қолжетімділігі мен оны тұтынудың төмендеуіне әкеледі.

"ДДСҰ ұсыныстарына сәйкес, орташа және төмен кірісі бар елдерде алкогольге қарсы саясатқа қатысты ең тиімді шаралар алкогольдік ішімдіктерге акциздік салықтарды көтеру, алкогольді жарнамалауға тыйым салулар немесе шектеулерді қабылдау және сақтау болып отыр", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу