Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әскерге жыл сайын шақырылатын орын – 40 мың адам. Биыл біздегі әскерге жарамды 18 бен 27 жас арасындағы ер азаматтардың саны 1 млн 221 мың адамды құрады. Келер жылы одан да көбейеді. Жыл сайын адам саны толығып келе жатқанын білесіздер. Сонда әскерге жарамды ер азаматтардың 3 пайызына жетпейтін бөлігі ғана әскерге шақырылады екен", – деді ол.
Мәжілісмен олардың 97 пайызының армия тәртібінен мүлде хабары жоқ екенін жеткізді.
"Психологиялық тұрғыдан да дайын емес. Күндердің күнінде елдің басына күн туа қалған жағдайда олар оққа жем болады", – деді халық қалаулысы.
Депутат неге жеке оқу орындарына әскери кафедралар ашуға кедергі келтіріп жатырмыз деп мәселе көтерді.
"Әрбір оқу орны кафедраны өз есебінен ашады. Қорғаныс министрлігі методикасын бекіттіріп, оқудың қалай жүріп жатқанын қадағалап отырса, болды. Емтиханды да Қорғаныс министрлігіндегілер алады. (…) Министрдің орынбасары қажет емес деді, қажет деймін. Заң бастамасы біздің қолымызда", – деп атап өтті Абзал Құспан.