Қазақстанда Еуропа Кеңесінің өңірлік кеңсесі ашылмақ

809

Страсбургте қазақстандық делегацияның Еуропа Кеңесі бас хатшысының орынбасары Габриела Баттаини-Драгонимен кездесуі өтті. 

Қазақстанда Еуропа Кеңесінің өңірлік кеңсесі ашылмақ

Қазақстан Еуропа Кеңесімен (ЕК), атап айтқанда, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сот төрелігі жүйесін жаңғырту және осы халықаралық ұйымның тиісті конвенцияларына қосылу саласында кең ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Бұл туралы 2019 жылғы 26 наурызда Страсбургте Еуропа Кеңесі министрлер комитетінің сыртқы байланыстар жөніндегі баяндамашылары тобының отырысында сөз сөйлеген ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлімдеді.

Бұл іс-шара Орталық Азия бойынша аймақтық жобаның шеңберіндегі "Еуропа Кеңесінің 2019-2022 жылдарға арналған Қазақстанмен көршілес ынтымақтастықтың басым бағыттары" атты жаңа бағдарламасының екінші кезеңінің басталуына бағытталды.

Өз сөзінде сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазақстанның 1997 жылдан бері ұйыммен және оның құрылымдарымен белсенді ынтымақтасып келе жатқанын, ЕК мүше емес мемлекеттеріне ашық конвенцияларына қатысу мүмкіндігін пайдаланатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы заңнаманы жетілдіру саласындағы озық тәжірибелермен алмасу мақсатында Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясымен жемісті қарым-қатынасты жалғастыруда. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясымен тиісті келісім негізінде парламентаралық байланыстар бойынша ынтымақтастық дамып келеді – 2004 жылдан бастап қазақстандық депутаттар тұрақты түрде ЕКПА сессияларына белсенді қатысады.

Айта кетсек, Қазақстан 2015 жылы Еуропалық прокурорлардың Консультативтік кеңесінде, ал 2018 жылы –  әділет тиімділігі жөніндегі Еуропалық Комиссия (CEPEJ) және Еуропалық судьялардың консультативтік кеңесінде (CCJE) бақылаушы мемлекет мәртебесін алды.

Кездесудің қатысушылары Бағдарламаны одан әрі іске асыруға бірауыздан қолдау көрсетті және Қазақстанның заңдылықты қамтамасыз етудегі прогресін құптап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты салаларда одан әрі тығыз ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

Сол күні Страсбургте қазақстандық делегацияның Еуропа Кеңесі бас хатшысының орынбасары Габриела Баттаини-Драгонимен кездесуі өтті. Онда Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың нақты жоспарлары талқыланды. Ынтымақтастықты нығайтудың маңызды факторы ретінде, жақын арада Қазақстанда Еуропа Кеңесінің өңірлік кеңсесін ашу мәселелері бойынша дайындық барысы талқыланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу