Қазақстанда фармацевтикалық өнім нарығы соңғы үш жылда 40%-ға өсті

182

Фармацевтикалық өнім экспорты 60%-ға артты.  

Қазақстанда фармацевтикалық өнім нарығы соңғы үш жылда 40%-ға өсті Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібі соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, отандық фармацевтикалық өнім нарығының көлемі 2023 жылдан бері шамамен 40%-ға ұлғайып, 139,8 млрд теңгеден 2025 жылдың қорытындысы бойынша 191,1 млрд теңгеге жеткен.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық өндірушілер 126,6 млрд теңгенің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарын өндірді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59%-ға, ал өткен жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштен 29%-ға жоғары.

Министрліктің мәліметінше, өсімге отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жүйелі шаралар мен Премьер-Министр тапсырмаларын іске асыру ықпал еткен.

Олардың қатарында Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесін кеңейту, дәрілік заттарды тіркеуде "бір терезе" қағидатын енгізу, сараптама рәсімдерін жеделдету, сондай-ақ бағаны мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру бар. Сонымен қатар заманауи дәрілік препараттар өндірісін жергіліктендіруге және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған инвестициялық келісімдер жасалып жатыр.

Қазіргі таңда елімізде дәрілік препараттар өндірісін ұйымдастыру бойынша сегіз ірі инвестициялық келісім жүзеге асырылуда.

Фармацевтикалық өнім экспорты да өсім көрсеткен. 2026 жылдың алғашқы төрт айында экспорт көлемі 38,5 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-ға артқан.

Салаға тартылған инвестиция көлемі де ұлғайған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестициялар 2024 жылмен салыстырғанда 56%-ға өсіп, 142,8 млн АҚШ долларын құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу