Елімізде футболдан жасөспірімдер арасында жаңа лига пайда болды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"QJ League мақсаты - ұлттық құрамға сапалы резерв дайындау. Бұл біздің балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудағы негізгі жобаларымыздың бірі. Жаңа лига арқылы біз дарынды балаларды дайындауға көмектесетін жарыс жүйесін құрамыз. Бұл жас таланттар үшін кәсіби футболдағы алғашқы қадам болады", – деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Лигаға еліміздің барлық өңірінен жас футболшылар қатысады. Турнирдің бірінші маусымына 18 жасқа дейінгі 12 команда қатыспақ. 2025 жылы QJ лигасында ұлдар үшін алты лига (үш жас санатына орай екі лига) және қыздар арасында бір лига құрылады деп жоспарлануда. Жалпы жарысқа 70-тен астам команда мен 3000 спортшы қатысады деп күтілуде.
"Елімізде көптеген дарынды балалар бар. Бірақ олардың өздерін көрсетуге үнемі мүмкіндіктері бола бермейді. QJ лигасын құру арқылы біз оларға мүмкіндік береміз. Балалар футболының дамуына жүйелі түрде қарау керек. Әйтпесе оң нәтиже болмайды. QJ League- қазақстандық футболдағы революция іспетті, енді жасөспірімдер 100% кәсіби деңгейде ұйымдастырылатын турнирге қатысады. QJ League бүкіл қазақстандық футбол үшін ерекше триггер болатынына, оның дамуына көмектесетініне сенімдімін", - дейді QJ лигасының президенті Рохус Шох.
QJ League-2023 қатысушыларының құрамы: "Ақсу" (Павлодар облысы), "Ақтөбе", "Астана", "Атырау", "Жас қыран" (Алматы), "Қайрат" (Алматы), "Қайсар" (Қызылорда), "Каспий" (Ақтау), "Оңтүстік" (Шымкент), "Ордабасы" (Шымкент), "Тараз", "Шахтер" (Қарағанды).
Лиганың биылғы маусымында 132 матч өтеді. Турнирде әр команда 22 матч өткізеді (үйде және сыртта 11 матч). Маусым қазан айында аяқталады.
Футболдан жасөспірімдер лигасының алғашқы матчы 22 сәуірде "Астана Арена" спорт кешенінде сағат 17:00-де басталады.