Қазақстанда газбен жүретін көліктерге арнайы белгілер орнату міндеттемесі күшіне енді

1883

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстанда газбен жүретін көліктерге арнайы белгілер орнату міндеттемесі күшіне енді Фото: inbusiness.kz

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда газбен жүретін автокөліктерге арнайы белгі жапсыру міндеті енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 24 қарашадағы бұйрығына сәйкес, "Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары" ұлттық стандартына толықтырулар енгізілді. Осыған сәйкес, жаңа жылдан бастап қазақстандықтар газбен жүретін автокөлігіне арнайы белгі қоюға міндеттелді.

Сондай-ақ, газ баллонды жабдығы (ГБ) бар автокөлік иелеріне көліктерін арнайы әзірленген, қара жиегі бар сары теңбүйірлі үшбұрыш және леп белгісінің астындағы GAS жазуы бар белгімен белгілеуге міндеттеу туралы шешім қабылданды.

"Өкінішке қарай, кейде газ жабдығы орнатылған көлік біздің азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді", - деп түсіндірді техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Сонымен қатар, арнайы белгі жабық паркингке кірген кезде көліктерді оңай ажыратуға және тиімді бақылауға жәрдем береді.

Айта кету керек, газбен жүретін, бірақ көлігінде "GAS" белгісі жоқ жүргізушілерге 3 АЕК (2024 жылы 11076 теңге) айыппұл салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу