Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті

267

2 мың шақырымнан астам газ құбыры салынып, 82 жоба аяқталды.  

Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті Фото: gov.kz

Қазақстанда елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

 Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетіп, 20,5 миллион тұрғынның 13,1 миллионы табиғи газға қол жеткізген.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында вице-министр елімізді газдандыру жұмыстары 2035 жылға дейінгі Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасы аясында жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Оның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 94 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, 354 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізді. Сондай-ақ ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын газ құбыры салынып, 82 газбен жабдықтау жобасының құрылысы аяқталған.

"Республиканың барлық батыс өңірлерінде, Жамбыл облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында газдандыру деңгейі 90%-дан асады. Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстары және Жетісу облысында газдандыру деңгейі 60%-дан 90%-ға дейінгі аралықты құрайды. Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында газдандыру 60%-дан төмен деңгейді құрайды. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген 27,3 млрд теңгені ескере отырып, газдандыру деңгейін 64,3%-ға дейін жеткізу немесе 32 мың адам табиғи газға қол жеткізу жоспарлануда", – деді спикер.

Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі тауарлық газ тұтыну көлемі 21,3 млрд текше метрді құраса, биыл бұл көрсеткіш 22,3 млрд текше метрге жетеді деп болжануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу