Қазақстанда геосервистер мен геопорталдарды жасау бәсекелестік ортаға беріледі

1139

Вице-премьер отандық компанияларды қолдауды көздейтін заңнамаға енгізу жоспарланған өзгерістер туралы айтып берген. 

Қазақстанда геосервистер мен геопорталдарды жасау бәсекелестік ортаға беріледі

Қазақстанда геосервистер мен геопорталдарды жасау жұмыстарды бәсекелестік ортаға беріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Еліміздің қорғанысы мен әскеріміздің жауынгерлік қабілетін қамтамасыз ету қазір көп жағдайда жаңа технологияларды қолдануға байланысты. Сол себепті "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асыруға қорғаныс саласы да қатысуда. IT-қауымдастық, Қорғаныс министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің өкілдерімен бірге ортақ мәселелер жөнінде пікір алмастық. Біздің ұстаным анық - қорғаныс саласындағы міндеттерді іске асыруға қазақстандық компаниялар мейлінше көбірек араласуы керек. Біріншіден, бұл - қазақстандық өнім. Елбасы мұның маңызды екенін үнемі баса айтады. Екіншіден, бұл - еліміздің қауіпсіздігі", - деп атап өтеді Асқар Жұмағалиев.

Вице-премьер отандық компанияларды қолдауды көздейтін заңнамаға енгізу жоспарланған өзгерістер туралы айтып берген.

"Біздің министрлік қатаң ұстануға ниетті Yellow Pages Rules қағидаттары туралы да сөз болды. Мәселен, осы жылдың өзінде геосервистер мен геопорталдарды жасау жөніндегі жұмыстарды бәсекелестік ортаға бермекпіз. Қорғаныс министрі алдағы уақытта тренажерлар, симуляторлар, байланыс, бағдарламалық және геоақпараттық қамтамасыз ету құралдарын шығаратын қазақстандық өндірушілермен қарым-қатынасты арттыруға қызығушылық танытты", - деді ол.

Оның атап өтуінше, кездесу қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі, "Зерде" холдингі, IT-компаниялар қауымдастығы және "Атамекен" палатасы арасындағы меморандумға қол қойылған.

"Қорғаныс министрлігіне осындай кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Бұл қорғаныс саласын цифрландыруға жаңа екпін береді деп үміттенемін", - деді Асқар Жұмағалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу