Грекияның Desserta Hellas компаниясы Қазақстанда ірімшік пен сүт өнімдерін өндіруді жергіліктендіруге ниетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Грекияның Desserta Hellas компаниясының басшылары Афанасиос Платаниас пен Йозеф Браунсхофермен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Сұлтанғожин де қатысты.
Айдарбек Сапаров Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені саласында Грекиямен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грекия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 12%-ға артты.
– Министрлік сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымының артуы ынтымақтастықты кеңейтуге қолайлы негіз қалыптастырып отыр, – деді министр.
Тараптар Қазақстанның сүт саласының әлеуетін, шикізатпен қамтамасыз етілу деңгейін, инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнім өндірісін Қазақстанда жолға қою мүмкіндіктерін талқылады.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстанда ірімшік пен сүт өнімдерін өндіруді жергіліктендіруге бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру перспективалары болды.
Desserta Hellas компаниясының өкілдері Қазақстанда өндірісті іске қосуға және қазақстандық серіктестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытатынын растады.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда ірімшік өндіретін 64 кәсіпорын және жылына шамамен 2,7 млн тонна сүт өңдеу қуатына ие 182 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.
Мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындарға кешенді қолдау көрсетеді. Қолданыстағы қолдау шараларының қатарында терең өңделген өнім өндіруге қажетті шикізатты сатып алу шығындарын субсидиялау, инвестициялық шығындардың 25%-ына дейін өтеу, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сондай-ақ айналым қаражатын жылдық 5%-бен жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған.
Кездесу қорытындысында министр аталған жобаны жүзеге асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Desserta Hellas компаниясының бастамасын іске асыру Қазақстан мен Грекия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, еліміздің сүт өңдеу саласының дамуына серпін береді.