Қазақстанда ғылым мен инновацияны қаржыландыруға фокустық тәсіл қолданылады

411

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда ғылым мен инновацияны қаржыландыруға фокустық тәсіл қолданылады Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Технологиялық саясат жөніндегі кеңес отырысында елімізде инновацияларды дамытудың жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин республиканың инновациялық әлеуетін одан әрі тиімді кеңейту үшін технологиялық дамудың басым бағыттарына бөлінген қаржының концентрациясын арттыру қажет екенін атап өтті. Бүгінде бұл – AgriTech (органикалық өнімдер), MedTech (превентивті медицина) және GreenTech (су) жобалары.

Сонымен қатар басым бағыттарға жасанды интеллект, Индустрия 4.0, GovTech және металлургия салаларын енгізуді қарастыру ұсынылды. Сарапшылардың болжамына сәйкес 2050 жылға қарай бұл бағыттар Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін аса маңызды сын-тегеуріндер болып табылмақ.

Фокустық саясаттың жаңа механизмі ғылым мен инновацияға бөлінетін қаражаттың 50%-ын нақты жалпымемлекеттік технологиялық басымдықтарға бағыттауды көздейді, ал қалған 50%-ы озық халықаралық тәжірибеге сәйкес басқа бағыттарды қолдауға бөлінеді.

Бұдан бөлек, жоғарыда аталған басым бағыттар бойынша технологиялық платформалар құру бойынша шаралар қабылданады. Технологиялық платформа – белгілі бір технологиялық тапсырманың айналасында шоғырланған егжей-тегжейлі жол картасы сияқты. Ол нақты шараларды қамтиды және барлық қажетті стейкхолдерлерді біріктіреді. Бұл механизм Еуропалық Одақтағы технологияны дамыту тәжірибесіне негізделген.

Сондай-ақ жалпы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және инновацияны қаржыландыруды ұлғайту бойынша қадамдар көзделіп отыр. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аударымдарына, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуге және венчурлік капитал нарығын дамытуға қатысты. Атап айтқанда, коммерциялық банктер мен сақтандыру компанияларына заңнамалық деңгейде бекіте отырып, венчурлік инвестицияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беру жоспарланып отыр.

Премьер-Министр аталған тәсілдерді қолдап, инновациялық қызметті дамытудағы мәселелерді тиімді шешу үшін ғылыми қоғамдастықпен бірге кәсіпкерлік субъектілерін де белсенді тарту қажет екенін баса айтты.

Әлихан Смайылов сонымен қатар Astana Hub базасында қазіргі уақытта пилоттық режимде жұмыс істеп жатқан ҒЗТКЖ-ны қаржыландырудың бірыңғай платформасын ілгерілету үшін барлық нормативтік рәсімдерді жеделдету қажеттігін атап өтті.

"Барлық кәсіпорындар, инноваторлар және ғылыми қоғамдастық өкілдері мұндай платформа бар екенін білуі керек. Оның шеңберінде ҒЗТКЖ саласындағы тапсырыс берушілер мен мердігерлер бір алаңда өзара іс-қимыл жасай алады, тапсырыстарды орналастырады немесе қабылдай алады. Ең бастысы – платформа пайдаланушыларға ыңғайлы болуы керек", — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар жиында MedTech инновациялық бағытын дамыту бойынша ұсыныстар қаралды. Оның шеңберінде барлық медициналық ақпаратты сақтайтын eDensaulyq платформасын құру, медициналық техника мен өндірістік жабдықтардың қолда бар қорын жаңғырту, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалардың үлесін арттыру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, әлемнің үздік мамандандырылған жоғары оқу орындарында ядролық медицина мен медициналық физика саласы бойынша қазақстандық мамандарды даярлау, MedTech-ке венчурлік қаржыландыруды тарту және басқа да бірқатар шара көзделген.

Әлихан Смайылов азаматтардың сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуде аталған инновациялық бағыттың рөлі өте маңызды екенін атап өтті.

"Бұл медициналық көмек көрсету деңгейін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін қашықтықтан тексеру, медициналық болжау және жасанды интеллект технологияларын қолдануға қатысты", — деді Үкімет басшысы.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктеріне MedTech бағыты бойынша ұсынылған тәсілдердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету және тиісті технологиялық платформа құру тапсырылды.

Отырыс барысында жиынға қатысушылар электр энергетикасы саласындағы технологиялық құзыреттердің салалық орталығын анықтау мәселесін де талқылады. Энергетика министрлігінің ұсынысына сәйкес, аталған орталық Ғұмарбек Дәукеев атындағы "Алматы энергетика және байланыс университеті" КеАҚ және "Энергоинформ" АҚ базасында орналастырылады.

Үкімет басшысы орталықтың жұмысы дәстүрлі және баламалы энергия көздерін технологиялық дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу