Ғалымдар еліміздің оңтүстік өңіріндегі Қызылқұм шөлінде өрмекшінің екі жаңа түрін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Зоология институты Қызылқұм аумағында өмір сүретін өрмекшілер туралы қызықты материал жинап, тың мәліметтер тапты.
"Біздің археологтар өрмекшінің 54 түрін тапты. Олардың 27 түрі (барлығының 50%) аталған шөлде бар екені алғаш рет анықталды, 10 түрі (19%) Қазақстан аумағында бұрын байқалмаған. Олардың тіршілік ортасына Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Иран елдерінің аумағы жатады. Өрмекшінің екі түрін ғалымдар білмейтін болып шықты. Олар Anagraphis karamola және Drassodes babenkoi деп сипатталып, солай аталатын болды. Екі түрі де жерде тіршілік ететін Gnaphosidae тұқымына жатады. Олар көбіне түнде белсенді әрекет ететін көрінеді. Ал күндіз жарықтан таса жерде (тастардың түбінде, өзге жануарлардың інінде, жастастардың арасында) жатады. Осыған дейін олар көзге түспеген", - делінген материалда.