Қазақстанда халықаралық AI хабы мен Network City жобасы іске қосылуы мүмкін

273

 Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.  

Қазақстанда халықаралық AI хабы мен Network City жобасы іске қосылуы мүмкін Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Network School халықаралық технологиялық қауымдастығының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесіп, Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесін дамытуға бағытталған бірқатар бастамаларды талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесуде Ақмола облысында халықаралық инновациялық хаб құру, кейін оны Alatau City жобасына кеңейту, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын дамыту, ІТ мамандарын даярлау, технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілету және стартаптарды қолдау мәселелері сөз болды.

Тараптар Баладжи Шринивасан ұйымдастыратын жүлде қоры бар AI Film Festival фестиваліне қатысу мүмкіндігін және AI & Digital Bridge халықаралық форумы аясында әлемдік технологиялық компаниялардың басын қосатын Network State Conference конференциясын өткізу жайын да талқылады.

Жиын барысында кәсіпкерлерді, инженерлерді, әзірлеушілер мен зерттеушілерді біріктіретін Network School қауымдастығының жұмыс форматы таныстырылды. Оның қызметіне білім беру бағдарламалары, коворкинг алаңдары, конференциялар, хакатондар және акселерациялық бағдарламалар ұйымдастыру кіреді.

Баладжи Шринивасан Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетіне жоғары баға беріп, елдің халықаралық инвестициялар мен таланттарды тартуға мүмкіндігі зор екенін айтты. Сондай-ақ қауымдастық жобалары мемлекеттік қаржысыз, жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатыны атап өтілді.

Кездесу барысында Бурабай аумағында әкімдікпен және жергілікті қауымдастықпен бірлесіп Network City технологиялық қалашығын салу тұжырымдамасы ұсынылды. Жоба табиғи ландшафтты сақтай отырып, модульдік инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Болашақта бұл кеңістік ІТ мамандары, кәсіпкерлер мен зерттеушілердің жұмыс істеуіне, білім алуына және кәсіби байланыс орнатуына қолайлы ортаға айналуы мүмкін.

Олжас Бектенов халықаралық деңгейдегі сарапшыларды тарту мен жаһандық технологиялық қауымдастықпен әріптестікті кеңейту Қазақстан үшін маңызды бағыт екенін айтты.

Үкімет мәліметінше, елімізде адами капиталды, ғылымды, білім мен инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланып, Digital Qazaqstan стратегиясы аясында цифрлық трансформация жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда Astana Hub, Екібастұздағы "ДӨО алқабы" жобасы және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығындағы TUMO мен Tomorrow School бағдарламалары сияқты ірі бастамалар іске асырылып жатыр.

Кездесу соңында қатысушылар бірлескен жобалар еліміздегі ІТ мамандарын даярлау жүйесін жетілдіруге және Қазақстанның халықаралық технологиялық орталық ретіндегі позициясын күшейтуге ықпал ететінін атап өтті. Қорытындысында Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдарға аталған жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу