Қазақстанда халықтың кедейлік деңгейі артып келеді

721

Халықтың табысын арттыруды көздеп, ол үшін тіпті, арнайы бағдарлама жасақтаған Үкіметтен әзірге қайыр болмай тұр. 

Қазақстанда халықтың кедейлік деңгейі артып келеді Фото: tengrinews.kz

"Кешенді жоспар" деп әспеттеп, 1 жыл бұрын қабылдаса да анау айтқандай өзгеріс байқалмай жатқан сияқты. Жарлы-жақыбайлар азайып, жұрт көл-көсір кіріске кенеле ме десек. Керісінше, Қазақстанда кедейлік деңгейі артып келеді. 

Сенаторлар 11 өңірдегі халықтың нақты табысы төмен деп алаңдаулы. Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау мен Түркістан облыстарында жағдай нашар. Спикер Әшімбаевтың сөзінше,  елдің жартысы барлық кірістің үштен бір бөлігінен аз ақша табады. Тіпті, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 мың теңгеден аспайды. Бұдан шығудың бір-ақ жолы бар. Шағын және орта кәсіпкерлікті көтеру керек. Алайда, ауылдағылар бизнесті дамытайын десе, шектеу көп. "Жағдайды өзгертіп, тиімді әдістер керек" деді Әшімбаев.  

"Жамбыл облысында 2019 жылдан бері іске асырылып келе жатқан ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба болды. Бұл фермерлерді тұқым, тыңайтқыш, мал сатып алуға және техниканы жаңартуға тікелей жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік берді. Бұл тәсілді республикалық деңгейде масштабтау мәселесі қарастырылуда. Осы мақсатты жүзеге асыруға 2023 жылы еліміздің барлық өңірлері үшін 52 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл 11 мың шағын несие беруге мүмкіндік береді", дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Халықтың көшуі шекара маңындағы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді 

Депутаттар бұл ойды құптады. Себебі "бизнесті дамытудың негізгі әлеуеті ірі қалаларда шоғырланған",- деді. Үкімет көбінесе Президент сынынан немесе қоғамдық резонанстан кейін өңірдегі мәселелерге назар аударады. Ал 2010-2020 жылдар аралығында халықтың үдере көшіп жатқанына көз жұмып отыр. Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік пен Шығыс Қазақстаннан жаппай кетіп жатқандар көп.

"Бұл, сайып келгенде, шекара маңындағы ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер",- дейді депутаттар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу