Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенім және қаржылық сауаттылық деңгейі мәселелері бойынша тұрғындардың көңіл-күйін анықтау мақсатында БЖЗҚ жыл сайын тәуелсіз компания жалдап, қаржысын төлеп, қазақстандықтар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізеді. Соның биылғы қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды abctv.kz.
Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша Қазақстан халқының отандық зейнетақы жүйесіне деген сенім индексі ықтимал 10 баллдың небары 5,9 баллын құрады.
Әлеуметтік-демографиялық сипаттама тұрғысынан жасалған талдау бұл жүйеге не ересек өмірге енді ғана аяқ басқан жастардың немесе зейнет алдында тұрғандар ғана көбірек үміт артатыны мәлім болды. Нақтырақ айтқанда, 18-29 және 60-65 жас аралығындағы азаматтар, сондай-ақ, ауыл тұрғындары мен мемлекеттік қызметкерлер арасында жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің жоғары екендігі белгілі болды.
Ал 30 бен 60 жас аралығындағы азаматтардың бұл мәселеде күмәні басым.
"Сауалнамаға жауап бергендердің 58 пайызы Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы базалық ақпаратқа ғана ие. Тек 25 пайызының жүйеге қатысты білімі көп. Бұл ретте тұрғындардың көпшілігі (61%-ы) зейнет жасында қаржылық әл-ауқаттың негізі – зейнетақы жинақтары болады деген пікірді құптаса, қазақстандықтардың жартысынан астамы (50,4%) болашақ зейнетақыға өздері жауапты болатындығын түсінеді және тұрғындардың 85 пайызы қолданыстағы зейнетақы жарналарының бірі туралы хабардар", – дейді БЖЗҚ.
БЖЗҚ бүгінде бұл көрсеткіштерді арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлады. Мәселен, кәсіпорындар мен ұйымдарда көшпелі таныстырылым шараларын өткізуде. 2017-2018 жылдарында барлығы 40 мыңға жуық таныстырылым шарасын өткізіпті. Оған 1,2 млн адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 14 пайызы қатысты. Тұрғындар арасында зейнетақыны жоспарлау мәдениетін қалыптастыру және олардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында 2018 жылдан бері зейнетақыны жоспарлау бойынша дербес кеңес беру қызметі іске қосылды. Онда зейнетақы калькуляторының көмегімен зейнетақы жарналарын аударудың артықшылықтарын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Күні бүгінге дейін жарты миллионға жуық адам қызығушылық танытып, дербес кеңес алды.