Қазақстанда ІІМ жоғары оқу орындарына түсу ережелері өзгерді

213

2024 жылғы 11 шілдедегі бұйрықпен жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ҚР ІІМ әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстанда ІІМ жоғары оқу орындарына түсу ережелері өзгерді Фото: ашық дереккөз

Ереже ішінара жаңартылған. Мәселен, әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген және мерзімді әскери қызмет аяқталған сәттен бастап бір жылдан кешіктірмей ІІМ-нің әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген және оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған азаматтар қабылдау жылының 1 маусымына дейінгі мерзімде ішкі істер органдарының аумақтық бөлінісі, ІІМ-нің әскери оқу орны басшысының немесе тұрғылықты жері бойынша әскери бөлім командирінің атына өтінішпен жүгінеді.

ІІО аумақтық бөлінісінің, ІІМ әскери оқу орнының басшысы немесе әскери бөлімнің командирі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына міндетті арнайы тексеру жүргізу, сондай-ақ ӘДС қағидаларына сәйкес кандидаттың алдын ала медициналық куәландырудан өтуі бойынша материалдар ұсыну жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

Міндетті арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды азаматтар қабылдау жылының 20 шілдесіне дейін құжаттарды тапсыру және түпкілікті медициналық куәландырудан өту үшін ІІМ-нің әскери оқу орнына келеді.

ІІМ-нің әскери оқу орнына қабылдау жыл сайынғы қабылдау жоспарының 20%-нан аспайтын мөлшерде Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде жүргізілген конкурстық іріктеудің нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

Мерзімді әскери қызмет өткерген және мерзімді әскери қызмет аяқталған сәттен бастап бір жылдан кешіктірмей ІІМ-нің әскери оқу орнына түсуге ниет білдірген адамдарды қоспағанда, әскери қызметшілер мен әскери қызметте тұрмаған азаматтар қатарынан кандидаттар "Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес әскери қызмет өткеру орны бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінде немесе базалық жоғары оқу орындарында екі блок бойынша ҰБТ тапсырады:

1 блок – Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы (оқу тілі);

2 блок – екі бейіндік пән, кандидат оларды ІІМ әскери, арнаулы оқу орындары білім беру бағдарламаларының тізбесіне сәйкес мамандығына қарай өзі таңдайды.

Қабылдау комиссиясы конкурстық іріктеудің қорытындылары бойынша кандидаттың рейтингі негізінде оқуға қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешім шығарады және сол күні кандидаттарға жарияланады.

Кандидаттың рейтингі ҰБТ балдарын және дене шынықтыру даярлығы бойынша орташа балдарын қосу арқылы айқындалады.

ІІМ әскери оқу орындарына ҰБТ қорытындысы бойынша "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларымен белгіленген шекті деңгейдегі балдан жоғары балл жинаған кандидаттар қабылданады.

Сондай-ақ, ІІМ арнаулы оқу орындарына күндізгі оқу нысаны бойынша орта білімі бар, он алты жасқа толған, жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулығы мен дене шынықтыру, білім деңгейі бойынша оларға жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.

ІІМ арнаулы оқу орындарына күндізгі оқу нысаны бойынша оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған мерзімді әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері қабылданады.

ІІМ арнаулы оқу орындарына қысқартылған оқу мерзімімен білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқуға "Құқық", "Құқықтану" мамандықтары бойынша жоғары білімі бар адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жоғары білімі бар азаматтары қабылданады.

ІІМ арнаулы оқу орындарына қысқартылған оқу мерзімімен білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқытуға "Құқық", "Құқықтану" мамандықтары бойынша жоғары білімі бар адамдарды қоспағанда, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілері қабылданады.

ІІМ арнаулы оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдірген азаматтар арнаулы оқу орындарының не болмаса тұрғылықты жері бойынша аумақтық ІІО-ның кадр қызметтеріне еркін нысанда өтініш береді.

ІІМ арнаулы оқу орындарының ресми интернет-ресурсы арқылы электронды форматта өтініш беруге жол беріледі.

Өтінішке (қағаз немесе электронды форматта):

  • жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды құжат (сәйкестендіру үшін);
  • фотосуреттер (бас киімсіз, өлшемі 3,5х4,5 см алты фотосурет, өлшемі 10х12 см бір фотосурет);
  • өз қолымен толтырылған өмірбаян;
  • білімі туралы аттестатының немесе дипломының көшірмесі;
  • мерзімді әскери қызмет өткерген адамдар қабылдау комиссиясына ұсыным (комиссияның конкурстық іріктеуден өткені туралы қорытындысы).

Оқуға кандидаттар, оның ішінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қызметке жарамдылығын анықтау үшін медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден, сондай-ақ міндетті арнайы тексеруден өтеді.

ІІМ арнаулы оқу орындарына қабылдау медициналық, дене шынықтыру және кәсіби көрсеткiштері бойынша іріктеу қорытындыларын ескере отырып, ҰБТ қорытындылары бойынша сертификат балдарына сәйкес конкурс бойынша жүргiзiледi.

ІІМ арнаулы оқу орындарына мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қабылдау Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде конкурстық іріктеудің нәтижелері, сондай-ақ медициналық көрсетпелер бойынша жүзеге асырылады.

Қабылдау комиссиясы конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша кандидатты курсант қатарына қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімді кандидатқа қабылдау комиссиясының отырысында жариялайды.

Мұнымен қоса, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери оқу орындарына оқуға түсу үшін кандидаттар ұсынатын құжаттар тізбесі де өзгертілді:

  • Өтініш (Ұлттық ұлан мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының атына).
  • Жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды құжат (сәйкестендіру үшін), туу туралы куәлік, әскери билет немесе әскерге шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәлік (егер болса), оқуға кандидаттың білімі туралы құжат.
  • Үлгерім табелінің көшірмесі немесе сынақ кітапшасының көшірмесі (білім беру ұйымдарындағы оқушылар үшін).
  • Сауалнама деректері - 2 дана.
  • Өмірбаян (өз қолымен басылған және жазылған) - 2 дана.
  • Оқу орнынан мінездеме (қызмет, жұмыс).
  • Жеке табыс салығы және мүлік бойынша декларацияны қабылдау туралы анықтама.
  • Соттылығының болуы немесе болмауы туралы анықтама.
  • Жақын туыстарының (ата-аналарының, асырап алушыларының, атаанасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілерінің) жеке куәліктері мен туу туралы куәліктерінің көшірмелері.
  • Фотосуреттер 3*4 - 6 дана.
  • Әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасуға заңды өкілдердің нотариалды куәландырылған келісімі (кәмелетке толмаған кандидаттар үшін).
  • ҰБТ сертификаты (мерзімді әскери қызмет өткерген және әскери бөлімде конкурстық іріктеуден өткен адамдарды қоспағанда). Мерзімді әскери қызмет өткерген адамдар қабылдау комиссиясына ұсыным (комиссияның конкурстық іріктеуден өткені туралы қорытындысы) ұсынады.

Мерзімді әскери қызметті өткерген адамдар қабылдау комиссиясына қосымша ұсыным (конкурстық іріктеуден өткені туралы комиссияның қорытындысы) ұсынады.

Бұйрық 2024 жылғы 4 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу