Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің мәлімдеуінше, елімізде интернеттің әлсіз болуына бірнеше себеп бар. Біріншісі, интернеттің сапасына қатысты қатаң заңнамалық талап жоқ, екіншісі, телекоммуникация желісінің 90% радиорелелік желіде және әуе байланыс арналары бойынша салынған.
"Телекоммуникация операторларының қызметіне төмен айыппұл белгіленген. Оларға 100 АЕК көлемінде ғана айыппұл салынады", – деді Бағдат Мусин.
Министрдің мәлімдеуінше, кіші телеком операторлары өздеріне алған радиожиілікті қызмет көрсету кезінде пайдаланбайды.
"Радиожиілік ресурстарын тиімді қолдану қажет. Біз арнайы аудит жасап, пайдаланылмай тұрған жиіліктерді мемлекетке қайтарып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін тиісті стандарттар мен заңнамаға өзгеріс енгізу қажет", – деді Бағдат Мусин.
Қанат Махамбет