Бірлескен қаулымен ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі-агенттік) "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 62 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2024 жылғы 19 тамыздағы № 45 бірлескен қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасының 2025 жылғы 30 сәуірдегі № 13 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 22 мамырдағы № 27 бірлескен қаулысы (бұдан әрі - Бірлескен қаулы) қабылдады.
Қаулының толық мәтіні Агенттіктің ресми интернет-ресурсында қолжетімді.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен өткеннен кейін бірлескен қаулы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланады.
Құжатқа сәйкес, екінші деңгейлі банктер мен кейбір банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар ұсынатын қарыздар бойынша шекті ЖТСМ мөлшерлемелері төмендегідей болып белгіленді:
- кепілсіз қарыздар үшін – 46 пайыз,
- кепілмен қамтамасыз етілген қарыздар үшін – 35 пайыз,
- ипотекалық тұрғын үй қарыздары үшін – 20 пайыз.
Осылайша, тек ипотека бойынша шекті мөлшерлеме 5 пайыздық тармаққа төмендеді. Қалған қарыз түрлері бойынша көрсеткіштер өзгеріссіз қалды.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.