Қазақстанда ірімшік пен сүзбе өндірісі өсім көрсетіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында елде 25,7 мың тонна өнім өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға немесе 5,6 мың тоннаға көп.
Отандық өнімнің экспорты да артып келеді. Бес ай ішінде шетелге шамамен 0,9 мың тонна ірімшік пен сүзбе жөнелтілді. Қазақстандық өнім Ресей, Қырғызстан және Армения нарықтарымен қатар Өзбекстан мен Моңғолияда сұранысқа ие болып, алғаш рет Әзербайжан мен Корея Республикасына экспортталды.
Өндірістің ұлғаюы импорт көлемінің қысқаруына әсер етті. Нәтижесінде ірімшік пен сүзбе импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2 пайызға төмендеді.
Ішкі нарықтағы сұраныс та артып келеді. Биылғы бес айда ірімшік пен сүзбенің өткізілу көлемі 41,4 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға өсті.
Маусым айындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда сүзбенің орташа бөлшек сауда бағасы бір келісі 2 457 теңгені құрады. Ең арзан баға Петропавлда (1 661 теңге), ал ең жоғары баға Жезқазғанда (3 060 теңге) тіркелген.