"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ алаңында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шетелдік адами капиталды тарту тетіктерін жаңғыртуға, көші-қон процестерін цифрландыруға, сондай-ақ шетелдік мамандар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін елге келу, тұру және ұзақ мерзімді еңбек қызметін жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көші-қон саясатын жетілдіру жөніндегі Жарлығын іске асыру аясында сыртқы және ішкі көші-қонды тиімді реттеуге, шетелдік адами капиталды тартуға және көші-қон рәсімдерін толық цифрлық форматқа көшіруге бағытталған бірқатар шаралар көзделгенін атап өтті.
"Құжатта жоғары білікті мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге бірқатар артықшылықтар ұсынатын арнайы “Алтын виза” енгізу, сондай-ақ “e-Residency” модулі мен “e-Residency Invest” бағдарламасын қамтитын бірыңғай цифрлық QazETA платформасын іске қосу қарастырылған", – деді Ербол Тұяқбаев.
Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері аталған бастамаларды қолдап, елдің инвестициялық тартымдылығын арттырудағы және болашақ экономика үшін кадрлар даярлаудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру халықаралық білікті мамандар мен инвестицияларды тартуға ғана емес, сонымен қатар қазақстандық жастарды болашақ еңбек нарығына дайындауға да жаңа мүмкіндіктер ашады", – деді ХКҚҰ миссиясы басшысының м. а. Әлия Белоносова.