Көлік министрлігінде жолаушылар тасымалы бойынша мәселелер талқыға салынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Отырыс барысында қалалық маршруттарды субсидиялау, автобус паркін жаңарту, тарифтік комиссиялардың жұмысы және тарифтерді белгілеу, электрондық билеттеу жүйесіне қатысты мәселелер көтерілді.
Кездесуге министрліктің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар, заңды тұлғалар бірлестігі, Өнеркәсіпті дамыту қорының өкілдері және автобус шығаратын зауыттар мен тасымалдаушылар қатысты.
"Өткен жылы әлеуметтік маңызы бар қалалық автобус бағыттарын субсидиялауға шамамен 216 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 242 миллиард теңге бөлу жоспарланған", - деп түсіндірілді жиын барысында.
Сонымен қатар, тасымалдаушылар еліміздің бірқатар өңірлерінде негізінен зейнеткерлік жастағы жүргізушілер жұмыс істейтін желілерде байқалатын автобус жүргізушілерінің тапшылығы туралы хабарлады. Олар заң шығарушылардан D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін жас шектеуін азайтуды, сондай-ақ, жүргізушіге қоғамдық көлікті басқаруға рұқсат бермес бұрын микроавтобуста үш жылдық тәжірибе алуды талап ететін ережені алып тастауды сұрады.
Бұдан басқа, іс-шараға қатысушылар 2024 жылғы ақпан айының соңында қайта кездесуге келісті.