Елімізде төтенше жағдайларды жоюға және антитеррорлық операцияларға қатысатын әскери қызметшілерге үш еселенген ақшалай төлем беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенат депутаттары "Әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылады.
Құжат аясында "Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы", "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" және "Бітімгершілік қызмет туралы" заңдарға бірқатар өзгеріс енгізу көзделген.
Заң жобасында шетелдегі әскери өкілдік аппараттарының құқықтық мәртебесін бекіту мен оларды қаржыландыру тәртібі айқындалған. Сондай-ақ заңда әскери қызметшілердің лауазымдарын дипломатиялық қызмет өкілдерінің лауазымдарымен теңестіру ұсынылған.
Жаңа өзгерістер қабылданған жағдайда, Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілері антитеррорлық операциялар және төтенше жағдай режимі кезінде үш еселенген ақшалай төлем алады.