Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
"Қазақстанда спутниктік және тірек ауылдар болып есептелмейтін 2,8 мың елдімекен бар. Мұнда ауыл халқының 10 пайызға жуығы тұрады. Яғни 700 мың тұрғын ғана", - деп жауап берді министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін.
Тілшілер ведомство басшысынан бұл ауылдардың одан кейінгі тағдыры не болмақ деп сұрады.
"Кейбір ауылдарда тұрғындардың саны азаяды. Ал енді кейбір ауылдар қалпына келтіріліп, қолдау табады. Бұл әр өңірдің саясатына байланысты", - деп түйіндеді Әлібек Қуантыров.
Осыған дейін депутат Ринат Зайытов "болашағы жоқ" ауылдар деген сөз тіркесіне шүйліккен болатын.
"Бұл тіркес қайдан шықты? Оның өзі министрліктің жұмысын дискредитациялау, сол ауылда тұрып жатқан халықты дискриминациялау деп ойлайсыз ба? Егер "болашағы жоқ" ауылдарға министрлік болашақ әкеліп бере алмайтын болса, онда ол ведомствоның кәсіби біліктілігі туралы сұрақ көтерілу керек сияқты", - деп айтты мәжілісмен.