Осыған орай, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми парақшасы қызықты деректермен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақында ғана Қатонқарағай ұлттық паркінде сирек жыртқыштардың біріне алғаш рет спутниктік қарғыбау орнатылып, оған "Алтай" деген ат берілді. Енді ғалымдар оның қозғалысын бақылап, тіршілік ортасын тереңірек зерттей түспек.
Жалпы, қарлы шыңдарда көзге көп түсе бермейтін, бірақ тау экожүйесіндегі орны ерекше жыртқыш бар. Ол – қар барысы. Жұрт оны "тау елесі" деп те атайды.
Қазақстанда қар барысының саны шамамен 190 дараққа жеткен. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 16 қазанында Арменияның Ереван қаласында өткен COP17 саммитінде мәлімдеді.
Бір кездері саны күрт азайған жыртқыш популяциясының қалпына келуі табиғатты қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесімен байланысты. Бұған қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту, фототұзақтар арқылы бақылау жүргізу және ғылыми зерттеулерді күшейту ықпал етіп отыр.
БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы деректеріне сәйкес, 2024 жылы еліміздегі қар барысының саны 152-189 дарақ аралығында бағаланған. Сол кезде олардың шамамен 70 пайызы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда тіршілік ететіні көрсетілген.
Іле Алатауы аумағында шамамен 35-40 қар барысы мекендейді. Бұл сирек жануарды қорғау – Іле Алатауы ұлттық паркінің табиғат сақтау жұмысының маңызды бағыты.
Қар барысының тіршілігін зерттеу Зоология институтымен бірлесіп жүргізіледі. Іле Алатауындағы 50-ден астам фототұзақ оларды табиғи ортада бақылауға мүмкіндік береді. Ал 2023 жылдан бері парк аумағында төрт қар барысына тағылған спутниктік қарғыбаулар жануарлардың қозғалысы мен маусымдық қоныс ауыстыруы туралы құнды мәліметтер береді.