Жаңа жыл қарсаңында көптеген адам өткен жылға баға беріп, келер жылға жоспар құрады. ҚСЗИ арнайы сауалнама жүргізіп, ел азаматтарының 2024 жылға деген көзқарасын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жеке деңгейде білдірген пікірінде қазақстандықтардың төрттен бір бөлігі (25,1%) өтіп бара жатқан жыл "өте табысты" болды деген. Азаматтарымыздың тең жартысы үшін (52,3%) жыл "жалпы жақсы" болған. 13,4%-ы "өте қиын", ал 7,3%-ы үшін "жаман, өте қиын" деп баға берген", – дейді ҚСЗИ Бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова.
Сарапшының айтуынша, жастар жақсы баға берсе, аға буын көбінесе биыл қиын жыл болды деп санайтынын айтқан. Сондай-ақ жоғары білімі барлар басқаларға қарағанда жоғарырақ баға берген.
Ал телефон арқылы сауалнамаға қатысқан 1200 респонденттің 39,3 пайызы бәрі өзі болжағандай өткенін айтқан.
Ел деңгейіндегі жыл қорытындысы туралы пікірлерге келсек, халықтың жартысы (48%) оң баға берген, екінші бөлігі көңілі толмайтынын жеткізген.