Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі таңда Қазақстанның түзеу мекемелерінде 1085 шетел азаматы өзінің жазасын өтеп жатыр. Басым бөлігі ТМД елдерінің азаматтары. Оның ішінде Өзбекстанның 527 азаматы, Ресейдің 214 азаматы, сонымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан елдерінің азаматтары жазасын өтеп жүр. Біз 1998 жылғы Мәскеу конвенциясының шеңберінде ТМД мемлекеттерімен сотталған адамдарды беруге қатысты жұмысты атқарып жатырмыз", – деді Ғалымжан Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысында.
Сөзінше, былтыр Өзбекстанмен осы бағытта екіжақты шарт ратификацияланды.
"Бізде мұндай жалпы 24 келісімшарт бар. Қазақстанның түзеу мекемелерінде Вьетнам азаматтары өзінің жазасын өтеп жүрген жоқ. Біздің де азаматтарымыз Вьетнамның аумағында сотталғандардың арасында жоқ", – деп нақтылады Бас прокурордың орынбасары.
Айта кету керек, осыған дейін Сенат Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялағанын жазған болатынбыз.