Енді жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру арқылы баспаналы болуға болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
– Тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде, жергілікті атқарушы органдардың есепке қою, және үйлерді бөлу функцияларын ұлттық даму институты "Отбасы банкіне" беруді көздейтін заң қабылданды. Бұл саясат тұрғын үй алуды қолжетімді етеді, – деді ол Үкімет отырысында.
Ведомство басшысының сөзінше, аталған заң ұзақ уақыт кезекте тұрған азаматтарды үймен қамтуға мүмкіндік сыйлайды. Тіпті 50 мыңнан аса тұрғынның үйлі болатынын айтты.
– Бұл ең алдымен ұзақ уақыт бойы кезекте тұратын азаматтарды үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады. Жалпы реформалау бойынша қарастырылған жаңа өзгерістер келесі жылдың мамыр айында күшіне енгелі отыр, – деді министр.