Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында отандық қант зауыттары 9,5 мың тонна өнім шығарған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Finprom.kz сайтының жазуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 64,6 мың тонна қант өндірілген. Биылғы көрсеткіш 6,8 есеге азайып отыр.
Соның салдарынан еліміздегі жалпы қант қорындағы отандық өнімнің үлесі 28,2%-дан 7,1%-ға дейін құлдырады. Қазір нарықтың негізгі бөлігін (92,9%) сырттан әкелінетін импорттық қант құрап отыр.
Өндіріс көлемінің азаюы ішкі сұраныстың кемуімен және экспорттың, дәлірек айтқанда, сырттан әкелінген қантты қайта экспорттаудың азаюымен байланысты. 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстаннан өзге елдерге 30 мың тоннадан астам қант жөнелтілген.
Сонымен қатар, дәл осы кезеңде ішкі нарықта қант сату көлемі де 30,5%-ға азайып, 104,6 мың тоннаны құрады. Бұл ішкі нарықта тапшылық туындатуы мүмкін.