Қазақстанның бірқатар өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді

401

Бір аптада картоп 2,8%-ға, қызанақ 2,4%-ға арзандаған.  

Қазақстанның бірқатар өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді Фото: hi-news.ru

Қазақстанда 29 шілдедегі жағдай бойынша бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ең көп төмендеу картоп пен қызанақ бағасында тіркелді.

Апта ішінде картоп 2,8%-ға, қызанақ 2,4%-ға, алма 1,9%-ға, қияр 1,2%-ға арзандаған. Сонымен қатар сәбіз, қаймақ және қара шай бағасы 0,2%-ға, тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, сондай-ақ майлылығы 2-3% айран 0,1%-ға төмендеді.

Ұн, бірінші сұрыпты бидай наны, жылқы және сүйекті сиыр еті, сондай-ақ майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі сүт бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы Павлодарда 0,4%-ға, Алматы, Шымкент және Ақтауда 0,2%-ға, Қонаев пен Қостанайда 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістанда баға өткен аптадағы деңгейде сақталды.

Ел бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 495 теңге болды. Ең төмен баға Таразда тіркеліп, бір келісі 339 теңгені құрады.

Картоптың орташа бағасы 275 теңге болса, ең арзан картоп Түркістанда сатылды – килограмына 219 теңге.

Ал І санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 567 теңге болды. Ең төмен баға Оралда – 475 теңге, Қызылордада – 477 теңге тіркелді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі апта сайын есептеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу