Қазақстанда киберспорт федерациясы құрылады. Бұл туралы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков айтты, деп хабарлайды 24.kz.
Айта кетерлігі, осы жылдың қыркүйек айында Ашхабадта өткен Азия киберспортының конфедерациясы (Electronic Sports) бас ассамблеясы барысында аталған ұйымның вице-президенті болып Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков сайланған еді.
"Қазір біздің алдымызда Қазақстанның киберспорт федерациясын құру міндеті тұр. Оны Ұлттық олимпиадалық комитет, содан кейін Халықаралық киберспорт федерациясы мойындауы тиіс. Мен вице-президенті (Азия киберспортының конфедерациясы) болып саналамын. Күні кеше біздің қайта сайланған президентпен кездестім. Ол ынтымақтастыққа дайын. Өйткені, Азияда киберспорт қарқынды дамып келе жатыр", – деді ол үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, киберспорт Қазақстанға енді келіп жатыр. Дегенмен оны дамыту маңызды болып отыр. Себебі әлемде бұл спорт түрін Олимпиада ойындарына қосуға бағытталған саясат жүргізілуде.