Қазақстанда киік саны азайса, бүкіл әлемде азаяды – Ақылбек Күрішбаев

1113

Сенатор Ақылбек Күрішбаев автомагистраль құрылысы кезінде жануарлар үшін арнайы табиғи жағдайға жақын көпір немесе жерасты өткелін салу қажет деген бастама көтерді.  

Қазақстанда киік саны азайса, бүкіл әлемде азаяды – Ақылбек Күрішбаев

Бұл туралы ол туристік қызмет мәселелері туралы заң жобасын талқылау барысында айтты деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Қазақстанда Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жануарлардың 40 түрі, құстардың 57 түрі мекендейді. Климаттың өзгеруі, қауіпті аурулар, антропогендік әсерлер олардың популяциясына кесірін тигізуде. Мәселен, 70-жылдары бізде шамамен 1 млн 300 мың киік басы болса, қазір олардың бар болғаны 334 мыңы ғана қалған. Оның үстіне киіктердің әлемдік популяциясының 90%-ы қазақ жерінде мекендейтінін ескеруіміз керек. Қазақстанда киік саны азайса, бүкіл әлемде азаяды", – деді Ақылбек Күрішбаев.

Сенатордың сөзінше, қазір бізде 4255 құлан, 14650 қарақұйрық, 18460 арқар және 914 тоғай кербұғысы бар. 

"Киік, құлан, қарақұйрық қоныс аударатын жануарларға жатады. Сондықтан да туристік қызметтің, атап айтсақ, шамадан тыс шу мен қозғалыстың, құрылыс нәтижесінде табиғи ландшафттардың өзгеруі және басқа да жасанды факторлар жануарлар әлемінің тыныштығын бұзып, стресс тудырмауы аса маңызды. Мысалы, жабайы жануарлардың көшіп-қонуы кезінде жүріп өтетін жекелеген учаскелерде темір жолдарды, автомагистральдарды салу кезінде біз экодук деп аталатын арнайы табиғи жағдайға жақын көпір (эстакадалар) немесе жерасты өткелдерін салуымыз керек еді. Өкінішке қарай, ондай экодуктар еш жерде жасалмады, бұл жануарлар әлемінің экожүйесіне теріс әсерін тигізуде. Сондықтан ғалымдар мен эколог мамандардың қатысуымен ерекше қорғалатын аумақтарда туристік қызметті ұйымдастырудың ерекшеліктері бойынша арнайы заңға тәуелді құқықтық акт әзірлеуді ұсынамын", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу