2025 жылы Қазақстанда 19 588 қоғамдық тамақтану нысаны тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға көп. Бір жыл бұрын елімізде 16 674 нысан болған.
Қоғамдық тамақтану орындарының саны бойынша Алматы қаласы 3 522 нысанмен көш бастап тұр. Одан кейін Астана қаласы – 2 761 және Қарағанды облысы – 1 275 нысан.
Бір жыл ішінде мейрамханалар саны 666 нысанға артып, 3 024-ке жетті. Асханалар саны 5,7%-ға өсіп, 5 940 болды. Ал кафелер саны 15,1%-ға артып, 5 987 нысанға жетті.
Мейрамханалар саны бойынша Астана (654), Алматы (602) және Батыс Қазақстан облысы (248) алдыңғы қатарда. Кафелер саны бойынша Алматы (1 036), Астана (809) және Қарағанды облысы (485) көш бастап тұр.
2025 жылы тамақтану және сусындар ұсыну саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 2,1 трлн теңгені құрады.