2026 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Апта ішінде пияздың бағасы 7,2%-ға, сәбіз 4,6%-ға, картоп 3,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат 3,1%-ға, алма 1%-ға төмендеді.
Өңірлер бойынша да бағаның төмендеуі байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Жезқазғанда 0,4%-ға, Қостанайда 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға төмендеген.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда тіркеліп, 135 теңге болды.
Сәбіздің орташа бағасы 238 теңге болса, ең қолжетімді баға Павлодарда – 155 теңге. Картоптың орташа бағасы 234 теңгені құрады. Павлодарда оның бағасы 169 теңге, Қостанайда 183 теңге деңгейінде қалыптасты.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы килограмына 546 теңге болды. Ең төмен баға Таразда тіркелді – 315 теңге.
Ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 3 804 теңге, тауық етінің бағасы 1 746 теңге деңгейінде қалыптасты.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының индексі апта сайын есептеледі. Бағалар барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада бақыланады.