Қазақстанда қонақүйлердің жұлдызды рейтингін анықтау критерийлерін жаңарту жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, жұлдызды қонақ үйлердің саны мен үлесінің төмендеуі байқалып отыр.
Азия Даму Банкінің консультанттары "Алматы-Бішкек экономикалық дәлізін қолдау мақсатында Қазақстан мен Қырғыз Республикасы үшін орналастыру орындарын жіктеудің ұсынылып отырған бірлескен жүйесінің" қорытынды есебін таныстырды.
"Орналастыру орындарын жіктеудің жаңа жүйесінде әлемдік трендтерді ескере отырып, қонақ үйлерге жұлдыз санатын тағайындаудың жаңартылған критерийлері, сондай-ақ басқа орналастыру орындарына жіктеуді енгізу ұсынылады. Туристік қызмет саласындағы уәкілетті органның рөлі мен құзыреттілігін күшейту мақсатында бағалау процесін бақылап, жүргізетін бірыңғай Ұлттық үйлестірушіні құру көзделген. Бизнестің ресми жіктеуге қатысуын ынталандыру үшін Азия Даму Банкі консультанттары ынталандыру жүйесін ұсынады", - делінген комитет таратқан хабарламада.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаевтың сөзінше, қонақ үй бизнесі индустриясында орналастыру орындарын жіктеуге (жұлдыз санатын беру) бағытталған стандарттарды енгізу маңызды.