Ал, етінен консерві жасалуы не жасалмауы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифингте әкім консервіленген киік етін дайындау мен сату жоспарда жоқ екенін жеткізген.
– Ақбөкендер санын реттеуді тоқтаттық, оларды атып немесе арнайы тормен аулап ұстауға да болмайды. Сондықтан, олардың етінен консерві дайындау немесе етін сату жөнінде ешқандай ақпарат жоқ, – деді Нариман Төреғалиев.
Десе де, Қазақстандағы ақбөкендердің бір бөлігі Ресей Федерациясына өтуі ықтимал. Себебі, екі елдің министрлігі киіктер мекендейтін шекарадағы жолдарды ашу жөнінде келісімге келіп отыр.
– Бүгінде ақбөкендердің жайылып жүрген елді мекендері – оңтүстік аудандар. Ақбөкендердің бұрыннан қалыптасқан миграция жолдары бар. Ресей шекарасына өтеді немесе Қазақстан шекарасына кіреді. Шекарадан өзінің бұрынғы жолын ашу жөнінде біздің экология министрлігі және Ресейдің осыған жауапты министрлігі осындай келісімге келді, – деген болатын ол брифингте.