Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 2,5 есеге өсті

680

COVID-19-дың "омикрон" штамы барлық елде негізгі вирус болып тіркелді. Оның үлесі зерттелген сынамалардың 92%-ын құрайды.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 2,5 есеге өсті

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда және әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Әлемде және Қазақстанда 20 маусымнан бастап аурушаңдықтың өсуімен қатар, өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 2,5 есеге артты", – деді Ажар Ғиният. 

Министрдің мәліметінше, күніне 1300-ге дейін инфекция жұқтыру жағдайы тіркелуде. Сырқаттану көрсеткішінің өсуіне қарамастан, науқастарды ауруханаға жату деңгейі төмен болып қалуда.

"Биылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша республикада 3 282 төсектік 139 жұқпалы аурулар ауруханасы COVID-19 бойынша стационарлық көмек көрсетеді", – деді ведомство басшысы.

Бүгінде 570 науқас стационарға жатқызылды, төсек-орындар жүктемесі 20%-ды құрайды. 

"Cоңғы аптада әлемнің 108 елінде сырқаттану деңгейінің өсуі байқалып отыр. Оның ішінде Жапонияда соңғы аптада сырқаттану 112% – 169 мың жағдайдан 360 мың жағдайға дейін, Арменияда 103% – 174 жағдайдан 354 жағдайға дейін, Венгрияда 72% – 4 663 жағдайдан 8 036 жағдайға дейін, Қытайда 28% – 571 жағдайдан 733 жағдайға дейін, Ресейде 12% – 21 мыңнан 23 мың жағдайға дейін өскен", деді Ажар Ғиният. 

Оның айтуынша, COVID-19-дың "омикрон" штамы барлық елде негізгі вирус болып тіркелді. Оның үлесі зерттелген үлгілердің 92%-ын құрайды. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу