Қазақстанда көші-қон заңын бұзған 1 200 адам елден шығарылады

165

500-ден астам кәсіпкер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жазаланды. 

Қазақстанда көші-қон заңын бұзған 1 200 адам елден шығарылады Фото: gov.kz

Қазақстанда көші-қон заңнамасына қатысты 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті күшейту және көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында республика көлемінде өткізілген “Мигрант” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтаған. Оның ішінде 4 мыңнан аса шетел азаматы елде болу талаптарын бұзса, 2700-і заңсыз жұмыс істеген.

Бірақ назар аударатын тұс – 2200 қазақстандық пен заңды тұлға шетелдіктер туралы полицияға уақытылы хабар бермеген. Яғни, заң бұзуға жергілікті азаматтардың өзі жағдай жасап отыр.

Жұмыс берушілер де жауапкершіліктен тыс қалмаған.

"500-ден астам кәсіпкер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жазаланды. Жалпы айыппұл көлемі 200 млн теңгеден асты", – деп мәлімдейді министрлік.

Рейдтің тағы бір нәтижесі – елде заңсыз жүргендерге қатысты нақты шаралар.

1 500 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылып, 1 200 елден шығару туралы сот шешімі қабылданған.

"Соның ішінде 121 адам мәжбүрлі түрде шығарылды, ал олардың сегізі радикалды ағым өкілдері ретінде танылды. Барлығына 5 жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды", – дейді министрлік.

Сонымен қатар, шекараны заңсыз кесіп өту, заңсыз көші-қон ұйымдастыру және шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу фактілері бойынша 24 қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ  рейд барысында іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды. Олар түрлі қылмыс бойынша көрші елдерде іздеуде болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу