Қазақстанда құрылған тұңғыш көше комитеті жайлы не білеміз?

Комитеттің мақсаты не, қандай жұмыстар атқарады? 

Қазақстанда құрылған тұңғыш көше комитеті жайлы не білеміз? Фото: Нұрболат Нұржаубай

25 жыл бұрын Қызылорда облысы, Арал қаласында еліміздегі тұңғыш көше комитеті құрылды.
Көше комитеті мүшелері жылағанның жасын сүрткен, құлағанға демеу болған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ширек ғасыр бұрын көше комитетінің мән-маңызы тіпті ерекше болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі күні де тұрғындардың әлеуметтік жағдайын білу, қоғамдық тәртіп пен қала тазалығын қадағалау, белгілі бір аумақтың тұрақтылығын сақтау бағытында жемісті еңбек етіп келеді.

– "Қазақта "жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген дана сөз бар. Елді берекелі бірлік пен тату тірлікке ұйыстыра білу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Туған жерімізді көркейту мақсатында толағай істер атқарыла бермек. Осы ретте көше комитеті шаһарымызға көрік берді және әр аумақтағы түрлі жүйелі жұмыстар өз жалғасын табатынына сенімім мол. "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген даналық сөзді естен шығармай, келешек ұрпаққа ізгі қасиеттерімізді қалдырамыз, - дейді Арал ауданы әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов.

"Құрмет" орденінің иегері, жоба жетекшісі Айтбай Көшербаев көше комитетінің атқарар жұмысына тоқталды. Сондай-ақ, ол жобаның бұқаралық сипатқа айналғанына қуанады. Мұндай жанашырлық арқылы елдің бір-бірімен байланысы нығая түскенін жасырмайды.

– Бір көшеде 60-70 үй болуы мүмкін, арасында жағдайы жоқ адамдар да кездеседі. Бір отбасында өңкей бала-шаға қалып, қазан қайнамай, дәмдері жетпей жатады. Ол кезде ұялы байланыс атымен жоқ, тұрғындар мұқтаж екен, ендеше оны көріп-біліп отыру керек. Тек бір көру емес, оған көмек қолын созу маңызды. Міне, бірінші кезекте біз осылай жұмыс істедік. Мінеки, сондықтан көше комитеті халықтық, бұқаралық сипаттағы қозғалыс екенін айтқым келеді. Бұл "халық қалай бір-бірімен араласады, ел-жұрт екінші бір қауымның жоқ-жітігінен қаншалықты хабардар?" дегеннен шығады. Ағайындар көшетін егіп, ауласын таза ұстап, балалардың тәрбиесіне, тәртібіне қарайлап отырса, көрші-көлем татулық үлгісін көрсетіп, аралас-құралас болса деген ниеттен туған ой. Сонда ғана көрші-көлем жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді, – деді ол.

Арал қаласы көше комитеті төрағалары кеңесінің төрағасы Аманжол Жолмағамбетов әр жылдары түрлі оқиғаға кезіккенін айтып өтті. 

– 25 жыл бұрын бәрімізді қауыштырған осы – көше комитетінің кеңесі. Сол уақытта, шетелден азық-түлік келіп жатты. Германиядан бір жуылған киім келді, соны тарату бізге жүктелді. Сол уақытта кейбір азамат үйіндегі тамағын жасыра алмай, өзі "мен төмен отбасымын" деді. Несін жасырайық, бүгінде елдің қуанышын да, қайғысын да еске алып отырмыз. Біз уақытында сондай қиын жұмыстарды бастан өткіздік. Көше комитетінің кеңесін құрдық, оның төрағасы болып мен сайландым. Жақсы болсын, жаман болсын қызмет істеп келе жатырмыз, – деп өткенді еске алды.

Сондай-ақ, Т.Тоқтаров және М.Өтемісұлы көшелерінің комитет төрағасы Жақсыбай Жұқабаев халық үшін қалтқысыз қызмет атқарғанына 15 жыл болғанын айтады. Тұрғындармен жұмыс істеу оңай емес екенін, десе де ел үшін, туған жердің түтіні түзу шығуы үшін қолдан келгенін аянбай жүргенін жеткізді.

– Мен – Арал ауданы әскери ардагерлердің төрағасымын. Одан бөлек, екі көшеде (Т.Тоқтаров, М.Өтемісұлы – ред.) 180 үйім бар. 15 жыл болды қызметтемін. Менің көшемде 18 үйді жалға алып тұрып жатқан тұрғындар бар. Жағдай қатты жақсарды деп айтуға болмайды, біреудің сарайында, едені жоқ жерде көпбалалы отбасылар тұрып жатыр. Оның бәріне көмектесуге үлес қосамыз. Өз зейнетақымнан да беріп тұрамын. Мысалы, кешкісін көшемде біраз жүремін, жағдайды бақылауға алуға тырысамын. Жасөспірім оқушылар шығады, оларды қайтарамыз бұзақылық болмауы үшін. Халықтың тыныштығын ойлап жүрген, қорғап жүрген азаматтың бірімін. Комитет төрағаларының бәрі де – алғысқа лайық адамдар.

Елдің арасында жүрген соң оңай емес, халықтың кейбірі мақтайды, кейбірі даттайды дегендей. Халық болғасын, бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес, оған үндемеймін. Әскери адам болғандықтан, әскери тәртіппен жүремін, – дейді Ж.Жұқабаев.

Шынын айту керек, еліміздегі ең алғашқы көше комитеті кеңесі көп шаруаны ұрандатпай-ақ тындырып келеді. Ең бастысы, көрші-көлемнің татулығын сақтап, ағайынның ауызбіршілігін арттырып келеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу