Бұған дейін 2019-2021 жылдар аралығында Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттердің пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізілген болатын. Аудит қорытындысы бойынша ҚР Қаржы министрлігіне мемлекеттік мекемелерді қазынашылықтың аумақтық бөлімшелеріне құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары (ғимараттар, құрылыстар, автожолдар және өзге де нысандар) бойынша орындалған жұмыстар актілерін ұсынуға міндеттейтін өзгерістер енгізу тапсырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл ретте аталған актілер сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамада белгіленген нысандарға сәйкес келуі тиіс екені ерекше атап өтілді.
Нәтижесінде 2025 жылы бекітілген Бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларына қажетті түзетулер енгізілді.
Онда мынандай талаптар көзделген:
Құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты мемлекеттік сатып алу бойынша төлем жүргізу кезінде мемлекеттік мекеме:
- электрондық төлем шотын мемлекеттік сатып алу веб-порталында жасалатын және басшының ЭЦҚ-сы қойылған орындалған жұмыстар актісі негізінде ресімдеуге;
- егер шарттың құнына жобалау-сметалық құжаттама енгізілген болса, аванстан кейін төлем жасау кезінде қосымша түрде кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысының (ЖСҚ немесе ТЭН бойынша) скан нұсқасын ұсынуға міндетті.
Мердігерге соңғы төлем барлық құрылыс немесе жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін және заңнамаға сәйкес ресімделген нысанды пайдалануға беру актісі қазынашылық органына ұсынылған соң ғана жүргізіледі.
2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген шарттар бойынша қазынашылықтың бақылау шотындағы қаражат нысан пайдалануға берілгеннен кейін бас мердігерге аударылады. Төлем тапсырмасына міндетті түрде нысанды пайдалануға беру актісі қоса тіркеледі.
Мемлекеттік мекемелер төлем жүргізу кезінде қазынашылыққа міндетті түрде:
- тауарлар бойынша – шот-фактураны немесе лизингтік төлемдер кестесін;
- жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша – орындалған жұмыстар/көрсетілген қызметтер актісін (егер қызмет түрі акт жасалмайтын қызметтер қатарына жатпаса) ұсынуға міндетті.
Барлық құжаттар жеткізушінің ЭЦҚ-сымен қол қойылуы тиіс. Құжаттар қағаз түрінде ұсынылған жағдайда, олар уәкілетті басшының қолымен және мекеменің мөрімен куәландырылады.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап 2025 жылғы 27 маусымдағы ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген Бюджетті қазынашылық атқару рәсімдері күшіне енді. Онда да растайтын құжаттарға және төлемдерді жүргізу тәртібіне қойылатын ұқсас талаптар бекітілген.
Қабылданған өзгерістер бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен бақылауын арттырып, негізсіз төлемдер мен құрылыс және жөндеу кезіндегі заң бұзушылықтар тәуекелін төмендетеді. Сондай-ақ төлемдердің тек нақты орындалған және расталған жұмыстар үшін ғана жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Бұл мемлекеттік мекемелердің тәртібін күшейтіп, жобалардың сапасын жақсартады және қаражатты тиімсіз немесе мақсатсыз пайдалану ықтималдығын азайтады.