Қазақстан мен Қырғызстан басшыларының бірлескен баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына да тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақордаға сілтемемен.
– Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаластық. Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұраларымызды дәріптеу үшін күш-жігерімізді жұмылдыратын болдық, – деді Қазақстан Президенті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел жастарының арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаластық жасалды. Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындарында қырғыз жастарына бөлінетін білім квотасын 10 есеге көбейту жөнінде тапсырма бергенін, соның арқасында мұндай гранттардың саны 50-ге жететінін, сондай-ақ, Бішкекте Қазақстанның беделді жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы бастаманың қарастырылып жатқанын айтты.