Қайрат Әбдірахманов Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) президенті Петер Маурердің "Ядролық қару: жаһандық апаттың алдын алу" үндеуін мемлекет басшылығына жолдау үшін Астанаға іс-сапармен келген ХҚКК вице-президенті Жиль Карбоньені қабылдады, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Қызыл Крестің өкілі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусызданудағы рөлін және бірқатар дағдарыстық жағдайларды реттеудегі еліміздің делдалдық әрекетін жоғары бағалады.
Тараптар Қазақстанның Қызыл Крестпен ынтымақтастығын, Сириядағы жағдайды реттеудегі Астана процесінің үлесін, Ауғанстанға гуманитарлық көмек, қақтығыс аймақтарындағы ХҚКК-ның делдалдық қызметін және еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамындағы жұмыс тәжірибесін ескере отырып, болашақ өзара ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады.
СІМ басшысы Қазақстандағы Қызыл Крест өкілдігін ашу туралы ҚР үкіметі мен ХҚКК арасындағы келісімді ратификациялау үрдісінің аяқталу үстінде екендігін хабарлады. ХҚКК өкілдігінің ашылуы қазіргі кездегі бар оңтайлы ынтымақтастық тәжірибесін жалғастырады, жаңа көріністер алады және практикалық қадамдарға әкеледі деген үміт білдірді.
Жиль Карбоньенің Астанаға сапары барысында ҚР сыртқы істер министрлігі, Халықаралық Қызыл Крест комитеті және Қазақстандағы Швейцария конфедерациясының елшілігі бірлесіп алғаш рет ҚР қазақ тіліне аударылған 1949 жылғы Женева конвенцияларын және оған қосымша хаттамалардың тұсаукесерін өткізді.