Әлеуметтік желілерде қызылшамен ауырып жатқандардың көбейіп келе жатқаны қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Stopfake.kz сайтының мәліметінше, Қазақстанда қызылшаның өршуіне ел аумағында орналасқан АҚШ биозертханалары себеп болған делінген. Қауіпті мекемелер аурудың таралуы тіркелген жерлерде орналасқан екен.
Тағы бір хабарламаға сәйкес, Шымкентте вирус шашатын автобус жүр.
Кейбір пайдаланушылардың айтуынша, мектептерде міндетті түрде маскамен жүру қажет. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл қауесеттерді жоққа шығарды.
Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған қызылшаның таралуы АҚШ зертханаларымен байланысты екендігі, сондай-ақ Шымкентте вирус шашатын автобус жүргені туралы ақпараттар шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде қызылшаның таралуына байланысты маска тағу режимін енгізу қарастырылмаған.
Қызылша ауа тамшылары арқылы берілетін және ауыр асқынуларға және өлімге әкелуі мүмкін жедел жұқпалы вирустық ауру.
2000-2021 жылдары қызылшаға қарсы вакцинациялау нәтижесінде 56 миллион адам аман қалды.
Қазақстанда 2023 жылғы 1 қарашада ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің "Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы" қаулысы шықты.
2023 жылдың 6 қарашасында қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. 6 айлық баладан 10 ай 29 күндік балаларға екпе салынуда.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағында 30 америкалық зертхана орналасатыны туралы фейкті жоққа шығарған болатын. Ведомство "ҚР аумағында өзге мемлекеттердің биозертханаларын орналастыру жоспарда болмаған және жоспарланып отырған жоқ" деп хабарлады.