Енді легионерлерге мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан қаржы бөлінбейді. Отандық спортшыларға қолдау күшейеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елімізде спорттық дайындық жүйесін дұрыс ұйымдастырып, оның дамуыүшін қолайлы жағдайлар жасайтын болсақ, отандық спортшылар шетелдік легионерлерді тартпай-ақ, әлемдік футболда және де басқа да спорт түрлерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады. Соңғы жылдары спорттық инфрақұрылымға тиімді инвестиция салып, жоғары білікті жаттықтырушыларды жасақтау арқылы халықаралық аренада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген Исландия футбол құрамасын айтуға болады. Мемлекет тарапынан қолданылған бұл тәсіл шағын елдің құрамасының әлем және Еуропа чемпионаттарында неәтижелі өнер көрсетуіне мүмкіндік берді", - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Оның айтуынша, мұндай мысалдар аз емес. Депутат қаралып отырған заң еліміздегі спорттың, әсіресе командалық ойын түрлерінің дамуына қаншалықты мүмкіндік беретінін сұрады.
"Шетелдік спортшыларға еліміздің азаматтығын беріп, қомақты қаржы төлеудің орнына, балалар спорт мектептерін қаржыландыру көлемін ұлғайту, сондай-ақ өңірлердегі спорт нысандарын салу мен жаңғыртуды қамтамасыз ету мақсатында жеке инвестиция тарту мәселесі бойынша министрлік тарапынан қандай жұмыстар атқарылады?", - деп сұрады Сенат депутаты.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, осы заңның ішінде ойын спорт түрлері бойынша бірқатар нормалар көзделген.
"Оны біз жан-жақты қарастырып, енгіздік. Біріншіден, легионерлерге тоқтасақ. 2024 жылдың қорытындысы бойынша футболдан 14 команданың ішінде 325 спортшы ойнаған. Оның ішінде 149-ы басқа елдің спортшылары. 45-50 пайызға дейін легионерлер болатын. Осы заңмен легионерлердің жалақысын, төлемақысын шектеп, бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан төлеуге тыйым салып жатырмыз. Ол өз әсерін береді деп есептейміз. Себебі Қазақстанның футболшылары үлкен деңгейге шығып, өздері ойнап жатыр.
20 жылдан астам легионерлер өз үлесін қосты деп айтуға болатын шығар. Бірақ нәтижесі онша емес, сондықтан біз осы заңмен отандық спортшыларға және отандық футболдың дамуына назар аударып, өзгерістер енгізіп жатырмыз. Легионерлерге бөлініп жатқан қаражатты үнемдеу және оптимизация ретінде әрине балалар мен жасөспірімдер спортына жіберілетін болады. Барлық үнемделген қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортына жіберетін боламыз", - деді вице-министр.