Индустрияландыру бағдарламасын іске асырған жылдары машина жасау ең серпінді дамыған салалардың біріне айналды: ондағы өндіріс көлемі 3 есеге жуық өсті және 2018 жылы 1 трлн теңгеден асты, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми сайты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлағандай, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырған жылдары машина жасау саласында 276 млрд теңгеге жуық сомаға 114 жоба іске асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.
2000 жылдан бастап Қазақстанда машина жасау өндірісінің көлемі 24 есеге өсіп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 трлн теңгені құрады.
10-15 жылда сала құрауыш және қосалқы бөлшектерді өндіруден түпкілікті өнім түрлерін шығаруға көшті: тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, астық жинайтын комбайндар, сорғы жабдықтары, лифттер және басқа да жоғары технологиялы өнімдер.
Жаңа өнім түрлері пайда болды: локомотивтер, трансформаторлар, коммуникациялық жабдықтар, оптикалық приборлар, электронды детальдар өндірісі, электр жарықтандыру жабдықтары және т.б.
Автоөнеркәсіп пен теміржол машина жасау белсенді дамыды, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, тау-кен және мұнай-газ машина жасау салалары едәуір жаңартылып, күшейтілді.
Саланы дамытуға Alstom, General Electric, СМС–JAC Motors, Hyundai және басқалары тәрізді ірі трансұлттық корпорациялар тартылды. Экспортқа арналған өнім шығару желісі кеңейтілді (автомобиль өнімдері, мойынтіректер, вентиляторлар, аккумуляторлар, трансформаторлар, локомотивтер).