Қазақстанда мәслихаттардың рөлі күшейтіледі

113

Мәслихат депутаттарының депсауалдары енді ашық түрде жария етіледі.  

Қазақстанда мәслихаттардың рөлі күшейтіледі Фото: Ақорда

Мәжіліс "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты депутат Екатерина Смышляева таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы өңірлерді күшейтуге және жергілікті биліктің мәртебесін арттыруға бағытталған.

"Жоба жергілікті қауымдастықтың жиыны мен жиналысы ұғымдарын нақты ажыратып заң жүзінде бекітеді. Жиналыс – өзін-өзі басқару органы, ал жиын – тұрғындардың қатысу нысаны. Жиын өткізуді бастамашылар үшін хабарламалық тәртіп енгізіледі. Аумақтық кеңестердің құрылу тәртібі мен функциялары нақтыланды. Бұған дейін аумақтық кеңестер туралы норма іс жүзінде жұмыс істемей, қолданылмай келген. Бұл ірі ауылдар мен қалалар тұрғындарының  басқаруға көбірек қатысуына мүмкіндік береді", – деді депутат.

Екінші бағыт  – мәслихаттардың рөлін күшейту.

"Депутаттар әкімнің халықпен кездесуінен кейін қабылданған жоспардың орындалуын бақылауға қатысады. Сондай-ақ депутаттарға бюджетке түзетулер енгізуді бастамашылық ету бюджет комиссиясының жұмысына қатысу және басқа да мүмкіндіктер беріледі. Мәслихаттардың коммуналдық объектілерді басқаруға қатысуы кеңейтіледі. Мәслихат депутаттарының депутаттық сауалдары енді ашық түрде жария етіледі. Мәслихат депутаттарының әлеуметтік кепілдіктері де күшейтіледі. Атап айтқанда, іссапар шығындарын өтеу қарастырылған. Сондай-ақ мәслихат таратылған жағдайда тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға төлемдер беріледі", – деді Екатерина Смышляева.

Сонымен қатар Мәслихат аппаратының жұмысын институционалдық тұрғыдан күшейту көзделген. Бұдан бөлек өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтуге бағытталған нормалар енгізілді.

"Жергілікті бюджеттерге қосымша үш түрлі төлем мен айыппұл беріледі. Осылайша жергілікті өзін-өзі басқару органдары қаражатты бөлуге және шешім қабылдауға көбірек еркіндік алады. Тағы бір маңызды бағыт – мәслихат қызметінің ашықтығын арттыру және цифрландыру. Мысалы, сессияларды онлайн көрсету, құжаттарды жариялау және хат алмасуды жүргізу талаптары енгізіледі. Заң жобасы арқылы депутаттардың жауапкершілігі күшейтіледі және мәслихат төрағасының өкілеттік мерзімі шектеледі", – деді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу